Қостанайда құтқарушылар үйінді астынан тағы бір адамды тапты, қалған екеуін іздеп жатыр

үй опырылды
Фото: Қостанай облысы ТЖД

Қостанайда қираған үйдің орнында құтқару жұмысы жалғасып жатыр. Қазір үйінді астында шамамен үш адам бар, деп хабарлайды Kazinform тілшісі оқиға орнынан.

Дәл осы сәтте құтқарушылар сол үшеудің біреуін сыртқа шығару үшін жанталасып жатыр.

— КАМАЗ орталығы жалға алған техникалық қызмет көрсету стансасының аумағында газ-ауа қоспасының жарылуынан ғимарат құлады. 10-ға жуық адам жарықшақтан зардап шегіп, дәрігер көмегіне жүгінді, — деді Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қасым Қайрат.

Опырылған аумақ — 280 шаршы метр. 

Қостанай облысының бас құтқарушысы Қасым Қайрат табылған адамды тірі шығару ықтималдығы өте төмен екенін нақтылады.

Өйткені Қостанайда қытымыр аяз күшіне мініп тұр.

— Тақталар гидравликалық жабдықтың көмегімен көтеріледі. Жұмысқа аяз бен күшті жел кедергі жасап отыр, — деді спикер.

Тағы екі адамды іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Олардың шамамен қай тұста екенін жәбірленушілердің бірі және иісшіл ит те көрсетіп берген.  

Бұл жұмысқа 200 адам мен 39 техника жұмылдырылған. 

Еске сала кетсек, бүгін Қостанайда 7 адам қираған үйдің астында қалып қойғаны хабарланған еді.

Кейін үшеуі үйінді астынан шығарылды.

Жедел көмек қызметі 4 адам — Қостанай облыстық ауруханасына, 7 адам — Қостанай қалалық ауруханасына жеткізілгенін мәлім етті.

Кейіннен ТЖД басшылығы әлі де үш адам құлаған үйдің астында екенін мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram