Қостанайда медициналық мекеме тегін емдеуден бас тартты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы «Аксим Плюс» ЖШС медициналық мекемесі азаматтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсетпейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Сәуле Аймұхамбетова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда медициналық мекеме тегін емдеуден бас тартты

2019 жылдан бастап облыс орталығындағы «Аксим Плюс» ЖШС мекемесі азаматтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсетпейді. Нариман көшесі бойында орналасқан бұл емхана келер жылдан бастап тек ақылы қызмет көрсету жүйесіне көшкелі отыр. 

«Қазіргі уақытта бес мың қостанайлық осы емханада тіркеуде тұр. Бізге жіберген хатта олар тек ақылы негізде жұмыс істейтінін айтқан. Не себепті екені белгісіз, бұл - заңды тұлғаның шешімі. Олар қор тапсырысына қатысқысы келмейді. Сондықтан «Аксим Плюс» ЖШС-де тіркеуде тұрған барлық науқас 15 қарашаға дейін басқа медициналық мекемелерге тіркелуі қажет, бірақ медициналық ұйым оларға 2018 жылдың соңына дейін тегін қызмет ете береді», - дейді С.Аймұхамбетова.

Сәуле Аймұхамбетова айтқандай, әркім өзі таңдаған емханаға тіркелуге құқылы. Мәселен, қаламыздағы №№1,2,3,4 емханалар мен «Уромед» ЖШС, «Стомед групп» ЖШС медициналық мекемелері мен теміржол ауруханасына тіркелуге болады. 

«Тіркелуді үш тәсілмен жасауға болады. Әуелі, өзіңіз қалаған емхана арқылы, сондай-ақ, еgov.kz ақпараттық порталы және жергілікті ХҚКО арқылы жеке мәліметтер жазылады. Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш керек. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін пайдалана аласыз. Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан», - дейді маман. 

Қостанай облысында барлығы 31 ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетумен айналысады. Жиында белгілі болғандай, биыл Арқалық қаласында «Қазақстан» жаңа жеке медициналық орталығы ашылмақ.