Қостанайда оңтүстіктен қоныс аударушыларға баспана тұрғызылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Қарасу ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында жергілікті меценаттар қаржысы есебінен 9 баспана тұрғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда оңтүстіктен қоныс аударушыларға баспана тұрғызылды

Бұл үйлер Қазақстанның халқы тығыз орналасқан өңірлерден теріскейге қоныс аударатын отбасыларға және өңірдегі маман тапшы сала қызметкерлеріне арналған. Аталған мәселені шешу үшін қарасулық жомарт жандар бас-аяғы 72 млн теңге жинап, жеке тұрғын үй құрылысына кіріскен. Жаңа тұрғын үй салу мәселесін аудандағы 10 кәсіпорын басшысы өз мойнына алған.

Ағымдағы жылдың қараша айында оңтүстіктен бір отбасы келді. Бекжан Кенжебаева Түркістан облысынан көшіп келді. Мамандығы - мұғалім. Отбасымен келген Бекжан ендігі ел игіліне жұмыс істеуге кіріскен. Себебі, Қарасуда олар сүйікті ісімен шұғылдану үшін бар жағдай жасалып отыр.

«Бүгінде мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін барынша дұрыс пайдалана білген адамдар жетістікке жетеді. «Екі қолға бір күрек» дейді халқымыз. Мемлекетке қарап, ауыз ашып отыра бермей, ерінбей еңбектену қажет. Сонда ғана өз дегеніңе жетесің. Мен Қостанайға келіп, жұмыс тапқаныма қуаныштымын. Мұнда бізге жақсы жағдай жасалған», - дейді жас маман.

null Сонымен қатар, Астанадан арнайы келген дәрігерге де баспана кілті берілді. Жанна Кенжебаева -акушер-гинеколог. Ол жолдасы Диас және қызы Линарамен келген. Акушер-гинеколог маманы Қарасу ауданында 4 жыл бойы болмаған. Енді міне, кәсіпкерлердің үлесімен бұл мәселе де шешімін тапты.

Қарасудағы тағы 2 баспана жергілікті мұғалімдерге берілді. Қалған үйлер өз иелерін күтіп тұр. Жоспар бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында бірқатар отбасы оңтүстіктен көшіп келуі тиіс.

«Қазір біз сырт облыстардан қоныс аударушылар үшін арнайы паспорттар әзірледік. Онда өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы: мектептер, мектепке дейінгі мекемелер, денсаулық сақтау және басқа да нысандар туралы деректер көрсетілген. Келушілерді қабылдайтын аудан-қалалар бос жұмыс орындардың тізімін жасады. Бүгінде 216 жұмыс беруші 962 бос орын ұсынды. Сондай-ақ, отандастарымызды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп келеді. Отбасылардың қосалқы шаруашылықпен айналысуына да мүмкіндік бар», - деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.

Белгілі болғандай, облысқа мұғалім, механизатор, дәрігер, көлік жүргізушілері сияқты мамандар жетіспейді.

Гүлнар Әбенованың айтуынша, оңтүстіктен келетін отбасылар жоғарыда аталған мамандықтарға қызығушылық танытып отыр.

«Біздің ведомство әрбір қала, аудандардағы жылжымайтын мүлік нарығына сараптама жүргізді. Мәселен, аудан орталықтарындағы баспана 500 мың теңгеден бастап, 6 млн теңгеге дейін бағаланды. Ал ауылдарда 300 мың теңге көлемінде үй табуға болады. Қалалық жерлерде пәтер бағасы 1,5-9 млн теңге аралығында», - деп дерек келтірді Г.Әбенова.

Жалпы, солтүстік аймақтарға көшу үшін отбасының әрбір мүшесіне мемлекет тарапынан 84 175 теңге мөлшерінде қаржылай көмек беріледі. Бір жыл бойы үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін 72 150 теңгеге дейін қаржы төленеді. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орнын ашып, қоныс аударушыларды тұрақты жұмыспен қамтығандарға әрбір жұмыскер үшін 450 АЕК көлемінде субсидия қаралған.