Қостанайда өрт аумағынан 400 газ баллоны шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Қостанай – Введенка» автожолында жүк көлігінің тіркемесі өртеніп, оқиға орнынан 400 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.
Өрт «Текстильщик-1» бау-бақша қоғамы аумағында болған. Жүк көлігі тіркемесіндегі өрттің жалпы аумағы 7 шаршы метрді құрады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарушылар шақырту орнына жедел жетіп, өртті сөндіруге кіріскен.
– Өрт толық сөндірілді. ТЖМ күштері өрт аумағынан әрқайсысының көлемі 27 литр болатын 400 бос газ баллонын қауіпсіз жерге шығарды, – делінген министрлік хабарламасында.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін ШҚО мектептерінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 2400-ге жуық фактісі тіркелгені хабарланған еді.