Қостанайда өрт пен газдың шығуын анықтайтын құрылғылар орнатылуда

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда өрт пен көмірқышқыл газының шығуын анықтау құралдары орнатылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайда өрт пен газдың шығуын анықтайтын құрылғылар орнатылуда

Қазіргі уақытта облыстың барлық қаласы мен ауданында өрт қауіпсіздігін бақылау бойынша тұрғындармен кездесулер өткізілуде. Мамандардың айтуынша, жадынамалар мен ақпараттық парақшаларды тарату да өрт қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізеді.

Бұған қоса көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын тұрғын үйлерде көмірқышқыл газы құрылғылары орнатылуда. Облыстық ТЖД бөлім бастығы Әбіл Оразовтың айтуынша, қазір осындай 200 дабыл белгісі қойылды. Оның 60-ы - Қостанай қаласында.

Департамент қызметкерлері жүргізген рейд шаралары барысында тұрғындардың жылыту пештеріне салғырт қарайтындығы байқалды. Атап айтқанда, жеке үйлердің ішіндегі электр сымдары жаңармаған. Сонымен қатар, пештің алдында қаңылтыр қалақшалары болуы керек.

«Үй-жайларды жылыту үшін электр жылыту құралдары пайдаланылады. Соның ішінде қолдан жасалған пештер үнемі қауіпсіз емес. Сымдардың оқшауламасы тұтануы әбден мүмкін. Сондықтан электр жылытқышты пайдалану кезінде барынша сақ болу керек. Арнайы зауыттардан шыққан пештерді қолдану ұсынылады. Үйден шығар кезде оларды сөндіріп отырған дұрыс»,- деп ескертеді мамандар.