Қостанайда өртеніп кеткен аурухананың пациенттері мектеп ғимаратына көшірілді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында өртенген аурухананы қалпына келтіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеше Қостанай облысының Федоров ауданында аурухананың өртенгенін хабарлаған едік.
9 қараша күні сағат 18.28-де Федоров аудандық өртке қарсы қызмет пультіне аудандық аурухана ғимаратының шатыры жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Федоров ауылының өрт сөндірушілері (3 өрт сөндіру техникасы, 24 адам) 4 минут ішінде оқиға орнына келіп жетті. Бұған қоса Қостанай облысы ТЖД бөлімшелерінің күші тартылды.
«Қосымша су жеткізу үшін 4 техника, 4 механикаландырылған көтергіш жұмылдырылды. Қызыл жалын хирургиялық бөлімше мен қарқынды терапия үстіндегі 800 шаршы метр алаңды шарпып зақымдады. Өрт сағат 21-34-те ауыздықталды. Ғимараттың ішкі қабатындағы жайларының жануына жол берілген жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Аурухана жабдықтары бүлінген жоқ. Өрттің шығу себептерін арнайы комиссия анықтайды» делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта аурухананы қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Ғимаратта болған 49 науқас шұғыл түрде Федоров ауылындағы № 1 орта мектебінің жанындағы интернаты ғимаратына көшірілді.
Шұғыл көмекке мұқтаж 6 адам Қостанай қаласына арнайы көлікпен жіберілді. 5 адам мектеп жанындағы интернатқа эвакуацияланды.
«Қазіргі уақытта Федоров ауылы, Легкодухов көшесі, 22 мекен-жайы бойынша орналасқан №1 ОМ мектеп жанындағы интернат ғимаратында жедел жәрдем көрсету пункті ашылды. Төтенше жағдай туындап, денсаулығыңыз нашарлаған жағдайда 103 немесе 34279 телефондарына қоңырау шалу қажет. Барлық науқастар шұғыл қабылданып, қажет болған жағдайда облысымыздың жақын орналасқан медицина мекемелеріне жіберіледі. КВИ, ЖРВИ симптомдары бар науқастар үшін үйге шығумен екі мобильді медициналық бригада жұмыс істейді. Бір күн ішінде аурухана бөлімшелерін: қабылдау бөлімшесін – емхана ғимаратына (1 қабат), хирургия және қарқынды терапия бөлімшесін – кешенді бөлімшеге (2 қабат) кешенді (терапия, балалар бөлімшесі) және босандыру бөлімшесін кешенді бөлімшеге (1 қабат) көшіру жұмыстары жүргізілетін болады», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.