Қостанайда өртеніп жатқан көпқабатты үйден 19 адам құтқарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласында өртенген тұрғын үйден 19 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайда өртеніп жатқан көпқабатты үйден 19 адам құтқарылды

Оқыс оқиға бүгін сағат 17:10-дер шамасында болды. Тілсіз жау Қостанайдағы көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатынан шыққан. Жалын 20 шаршы метр аумақты шарпыған.

«Өрт шыққан 5 қабатты үйден 19 адам оқшау аумаққа көшірілді. Оның ішінде 2 бала бар. Алдын ала болжам бойынша, төтенше оқиғаға темекі тұқылы себеп болған. Оқиғаның салдарынан 1970 жылы туған ер адамды күйік шалып, ауруханаға жеткізілді», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, тұрғын үй өрті сағат 17:52-де толықтай сөндірілді. Оқиға орнында 9 өрт сөндіруші жұмыс істеді.