Қостанайда өрттен зардап шеккендерге жиналған қаражат қалай жұмсалады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысының Әулиекөл ауданында төтенше жағдай кезінде орман өртінен зардап шеккендерге қаражат жинау үшін «Қайырымдылық KZ» бірыңғай қоры құрылған болатын. Осы уақытқа дейін оған қазақстандықтардан 491 миллион теңгеден астам қаражат келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қор құрылтайшыларының бірі Гүлмира Қапенованың айтуынша, қор өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету, қаражатты ашық жинау және БАҚ-та тұрақты есеп беру мақсатында құрылған.
«Бұл қостанайлықтарға көмек беретін жалғыз қор дей алмаймыз. Бірақ бұл – Әулиекөл және Қарасу аудандарындағы өрт салдарынан туындаған мәселелерді шешу үшін негізгі қаражатты жинайтын облыстың бірыңғай қоры. Бүгінгі таңда жеке жинақтар көп, сондықтан бүкіл ақшаның дұрыс жиналып, жұмсалуының ашықтығын көрсету үшін бірыңғай қор құру бастамасы көтерілді. Бұл жұмыс әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы көрсетіліп отырады», - деп атап өтті Г.Қапенова
Сонымен қатар, қорға бірнеше күн бойы қаражат келіп түсіп жатыр.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы, сондай-ақ қор құрылтайшыларының бірі Батырбек Ахметовтің айтуынша, 7 қыркүйек таңертеңгі жағдай бойынша қорға 491 млн 614 мың теңге түскен.
Қазақстандықтар қорға ақша жинауды әлі де жалғастырып жатыр.
«Қордағы ақшаны қайда жіберетінімізді айқындайтын үш бағыт болады. Бірінші бағыт – адамдар. Бұл – бірінші кезекте орман өртінен зардап шеккендерге көмек көрсету. Олардың мәселесі шешілгеннен кейін ғана ауданның инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмек көрсетіледі. Үшінші бағыт (егер қаражат қалатын болса) – орман қорын қалпына келтіру, көгалдандыру», - деп сөзін түйіндеді Г.Қапенова.