18:18, 23 Мамыр 2016 | GMT +5
Қостанайда өз міндеттерін орындамаған дәрігерлерді соттады және сол бойда жазадан босатып жіберді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - №2 Қостанай қалалық соты қалалық аурухананың нейрохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Владимир Верко мен үш хирург - Павел Ковалев, Марат Ахмадиев пен Александр Петриді айыпты деп танып, үкім шығарды. Олар ҚР ҚК 114 бабы 2 бөлімі (Медицина қызметкерлерiнiң кәсiптiк мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы) бойынша айыпты деп танылды.

Іс 20 жастағы жергілікті тұрғын Айсұлу Шаяхметованың шағымы бойынша қаралды. Жол-көлік апаты салдарынан оның беті жарақаттанған, алайда тиісті медициналық көмек ала алмаған. Жарақаты асқынып, бет-жүзі қатты зақымданған жапа шегуші қара түсті көзілдірік тағып жүруге мәжбүр.
Дәрігерлердің 1 жылға дейінгі мерзімге бостандықтары шектелді, сонымен қатар медициналық қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айырылды. Алайда қылмыс мерзімінің ескіруіне байланысты, сот оларды жазадан босатты. Олар жапа шегушіге моральдық залал ретінде 200 мың теңге және материалдық шығынның орнын толтыру үшін 62,6 мың теңге төлеуге міндеттелді.