Қостанайда полицей 2 жасар қызды аман алып қалды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда Мерей Хайруллин атты полицей қайғылы жағдайдың алдын алды. Лейтенант 2 жасар бүлдіршіннің 2-қабаттан құлауына жол бермеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
20 мамыр күні 102 пультіне шұғыл хабар келіп түскен. Онда Волынов көшесінде орналасқан үйдің 2-қабатындағы терезеде кішкентай баланың шыбын-шіркейден қорғайтын торға сүйеніп отырғаны айтылған.
Оқиға орнына ең жақын маңдағы №522 автопатруль аттанды. Оның құрамында лейтенант Мерей Хайруллин мен аға лейтенант Әсет Байтасов бар еді.
Полицейлер аталған жерге бірнеше минутта келіп жеткен. Бұл кезде үй маңына көршілер мен жолай өтіп бара жатқан адамдар жиналып қалған екен.
Патруль полицейі Мерей Хайруллин ойланбастан үйдің кіреберісіндегі күнқағардың үстіне шығып, терезеге жетті.
«Ол бір қолымен торды итеріп, екінші қолымен баланы ұстап тұрды. Құтқару операциясы сәтті өтті, 2 жасар Ангелина құламай аман қалды» деп мәлім етті полиция.
Үй тұрғындары Мерей Хайруллинге алғыс айтты.