Қостанайда полицейлер күдіктілерді ұстау үшін қару қолданды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні ұстау кезінде қару қолданды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда полицейлер күдіктілерді ұстау үшін қару қолданды

Оқиға 28 ақпан күні болған. Ресей Федерациясының 45 жастағы тұрғыны Қостанайға коммерциялық шаруамен келеді. Орталықтағы банктердің бірінен аса көлемді қаражат сомасын шешеді. Банктен шыққан кезде оның көлігін қара түсті ВАЗ-21099 автокөлігін мінген күдіктілер қуа бастаған.

«Тасжолға шыққанда олар ресейлікті жол-көлік оқиғасын жасауға дейін итермелеген. Оны жол бойында тоқтатып, көлігін тартып алған. Жәбірленуші Қостанай ауданына жетіп, болған оқиға туралы полицияға мәлімдеді. Осы дерек бойынша Қостанай облысы мен шекаралас Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында «Ұстау» жоспары жасалды», - деді полиция бастығы.


Патрульдік қызметтің барлық экипажы тасжолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеді. Аманқарағай ауылы маңында экипаж ұрланған және күдіктілердің автокөліктерін байқаған.

«Күдіктілер полицейлердің тоқтату талабын орындамай, қашуға оқталды. Жәбірленушінің автокөлігін мінген күдікті рөлді басқара алмай, жол жиегіне түсіп кетті. Екінші көлік қашуды жалғастыра берді. Әулиекөл ауданының Дүзбай ауылы маңында тәртіп сақшылары қару қолдануға мәжбүр болды. Бұған қоса күдікті полиция машинасын соқпақ болған», - деді Бекет Аймағамбетов.

Қазіргі уақытта көлікте болған күдіктілердің бірі қамауға алынды. Қалған екеуі іздестіріліп жатыр.