Қостанайда полиция бастығы бас бостандығынан айыру жазасының орнына айыппұл төлейді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай стансасы ЖІІБ бастығының бірінші орынбасары Шыңғыс Батталов 20 миллион теңге сомасында айыппұл төлейді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Бүгін Қостанай қалалық №2 сотында Қостанай стансасы желілік ішкі істер бөліміндегі (ЖІІБ) жемқорлық туралы іске қатысты үкім шығарылды.

Батталов 16 ақпан күні «Казақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның Қостанайдағы магистральдық желілер бөлімшесінің бас инженерімен кездесіп, 1 млн теңге алған. Ол қаржы 800 литрлік төрт бөшкедегі мотор майын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын тоқтату үшін беріледі. Бұл пара Қостанай стансасы ЖІІБ-нің бастығы Ержан Сапаровқа арналған еді. Жемқорлықпен күрес қызметінің қызметшілері параны Сапаровқа беріп жатқан кезде Батталовты тұтқындайды.

Сотталушы кәмелеттік жасқа толмаған екі ұлы мен аяғы ауыр келіншегі барын алға тартып, бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Сот барысында прокурор берген параның 20 есесін, яғни 20 млн теңге көлемінде айыппұл тағайындауды талап етті.

Сот Батталовқа жеке мүлкін тәркілей отырып, «полиция майоры» атағын алуды және өмір бойына мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарында қызмет етуге тыйым салып, 20 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу туралы үкім шығарды.  

Соңғы жаңалықтар