Қостанайда психиатр-дәрігердің тұтқындалуы адам өліміне қатысты болуы мүмкін

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2 наурыз күні полиция қызметкерлері Қостанай облыстық жүйке аурулары диспансерінің бөлім меңгерушісі Зәуреш Изалдинаны жұмыс орнында тұтқындады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қостанайда психиатр-дәрігердің тұтқындалуы адам өліміне қатысты болуы мүмкін

Оны клиника қызметкерлерінің көзінше тұтқындаған. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, Изалдинаны ауруханадан қолына кісен салып алып шыққан.

«ҚазАқпарат» тілшісі Қостанай облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне Изалдинаны тұтқындау себебі жайлы, сондай-ақ оның Қостанай облыстық сот-медициналық сараптамасының төрайымы Рашида Сандыбаеваны өлтіру қылмысына қатысы бар-жоғы туралы сауал жолдады.

Баспасөз қызметінің маманы бұл ақпаратты растап, не жоққа шығарудан бас тартты. Тек сауалға қажетті процессуалдық іс-әрекеттер өткізілгеннен кейін жауап берілетіндігін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 20 ақпан күні танымал дәрігер, облыстық психиатриялық диспансерінің бұрынғы басшысы Рашида Сандыбаеваның қатыгездікпен өлтірілген денесі табылды.  

1 наурыз күні қылмысқа қатысы бар күдіктілер тұтқындалған еді.