Қостанайда рұқсат етілмеген аумақта суға түскендерге айыппұл салынады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай қаласы әкімдігі су айдындарында төтенше жағдайды болдырмау мақсатында шомылу маусымы кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда рұқсат етілмеген аумақта суға түскендерге айыппұл салынады

Қостанай қаласының су айдындарында қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар жыл сайын судағы төтенше жағдайларды азайту және алдын алу шараларын жүргізеді.

«Қалалық ТЖ басқармасы өкілдерімен бірлесіп, Тобыл өзенінің бойында заңсыз ұйымдастырылған шомылу орындарында 10 дана ескерту тақтайшасын орнатылды. Жазғы мезгілде мұндай тақтайшалар «КЖБИ» көпірі маңында, Гашек бойындағы жағалауда, бұлақ маңында, Гагарин бөгеті, «Кәріс» көпірі, «Ақ Шаңырақ» демалыс орны, КСК ауданына да қойылды. Қала тұрғындары мен қонақтарын, суға арнайы белгіленген орындарда шомылуға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз», - делінген Қостанай қаласы әкімдігі таратқан хабарламада.null

Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 364 бабына сәйкес, су пайдалану қағидаларын бұзғандарға ескерту жасалады. Әкімдік қызметкерлері ескерту шарасынан соң қайтадан заң бұзу екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескертеді.

«Шомылу маусымында барлық шомылу орындарын барынша қамти отырып, білім мекемелері педагогтарының кезекшілігі ұйымдастырылады. 2 құтқару және бір медициналық бекет құрылады», - деп атап өтті қалалық әкімдік өкілдері.

Жалпы, Қостанай қаласында үш ресми жағажай жұмыс істейді. Олар - «Мохито», «Ақ шаңырақ» демалыс аймағы және қалалық жағажай. Ал рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылғандарға айыппұл салынады.