Қостанайда сәбиге дөрекі мінез көрсеткен балабақша тәрбиешісі жұмыстан шығарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде Қостанайдағы «Amanat&K» түзету орталығы тәрбиелеушісінің еңбектегісі келген сәбиді дөрекі түрде тартып, сүйретіп жатқаны туралы видеосы тарады. Бұл дерекке облыстық білім басқармасы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайда сәбиге дөрекі мінез көрсеткен балабақша тәрбиешісі жұмыстан шығарылды

«Біз үшін ең алдымен балалардың қауіпсіздігі, олардың өмірі мен денсаулығын сақтау маңызды. «Аманат&К» Білім беру кешені» ЖШС жағдайын бақылауда ұстаймыз. Жақында ғана сынақ мерзіміне алынған тәрбиешінің көмекшісі бала күтімінен шеттетіліп, жұмыстан шығарылды. Оның әрекетіне құқықтық бағаны құзырлы органдар береді», - деді ведомство.

Бүгін ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, онда балабақша әкімшілігі ата-аналарды толғандырған барлық сұрақтарға жауап берді.

«Білім басқармасы, сондай-ақ Қостанай қаласының білім бөлімі балабақшаның қызметін тексереді», - деп толықтырды білім басқармасынан.

Орталық басшысы Шынар Жалмұхамедова да оқиғаға қатысты пікірін білдірді.

«Біздің орталықта жантүршігерлік оқиға болды: тәрбиешінің көмекшісі балаға дөрекілік көрсетуге жол берді. Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр. Маман біздің орталықта 1 ай жұмыс істеді. Бүгін ол жұмыстан шығарылды. Видеоны жақын жерде отырған балабақшадан тәжірибеден өтіп жүрген студент түсіріп алған. Тиісті қорытынды жасаймыз», - деді Ш.Жалмұхамедова.

Жанна Мұсабаева