Қостанайда сал ауруына шалдыққан балаларға тренажерларды жастар жасап береді

«БЦС-мен ауыратын балаларға арналған велотренажерлар құрастырып, оны жалға беру жобасын қола аламын деп шештім. Оларды өзіміз шығарамыз. «Zhas Project» аясында Қостанайдағы оңалту орталығында ем алып жатқан балаларға ұсындық. Сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер орталығындағы балаларға да апардық», - дейді Әйгерім.
Жас кәсіпкердің айтуынша, жобаны қолға алу оның отбасымен байланысты оқиғадан соң басталған. «Менің немере інім де БЦС-дан зардап шегеді. Оның ата-анасы арнайы тренажерді 200 мың теңгеге Ресейден алғызды. Біз шағын сауалнама жүргізіп едік, ондай тренажерды алуға екінің бірінің қолы жете бермейтінін білдік. Сол кезде осыған ұқсас, бірақ арзандау тренажер шығаруды ұйғардық. Алғашқы тренажерді әдеттегі велосипедтің негізінде құрастырдық», - дейді ол.
Әзірге 4 арнайы тренажер жасалып, оңалту орталықтарына берілген. «Zhas Project» жобасының соңына қарай жас кәсіпкер оның бірін оңалту орталығына сый ретінде қалдырмақ. Қалған үшеуін жазда орталық саябаққа орнатады.
«Біз жобаны одан әрі дамытамыз. Жалға берумен шектелмей, сатылымға шығару жағын да ойластырып жатырмыз. Бұлар Ресейдің өніміне қарағанда 2-3 есе арзан болады», - дейді Әйгерім.
Жобаның өрісін кеңейту үшін жас кәсіпкерлер инвесторларды жұмылдырып, шағын цехты жалға алмақ.
Авторы: Жанна Мұсабаева