Қостанайда санитарлық талапқа сай келмейтін тағамдар сатылған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жергілікті тауар өндірушілер шығарған тамақ өнімдерінің сапасы нашарлаған. Бұл туралы агенттік тілшісіне облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам өнімдерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Наталья Гаценбеллер мәлім етті.

Қостанайда санитарлық талапқа сай келмейтін тағамдар сатылған

Жалпы, облыста микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеген өнімдердің үлес салмағы 6,6%-ға тең. Мәселен, облыстағы сүт өндіру кәсіпорындарында бұл көрсеткіш 7,0%-ды құрады.

«Бактериялық ластанған өнімдерді санитариялық дәрігерлер жыл ішінде «ДЕП» ЖШС, «Милх» ЖШС, «Лидер-2010» ЖШС, «Садчиковское» серіктестіктерінде анықталды. Ал жартылай фабрикаттар цехтарында ет өнімдерінің 11%-ы талапқа сай келмейді. Атап айтқанда, «Қарасу Ет» ЖШС, «Октан фирмасы» ЖШС, «Дарус-2001» ЖШС, «Березка-Агро» шаруа қожалықтары тиісті міндеттемелерін бұзған», - дейді Наталья Гаценбеллер.

Сапасыз өнімдер Қостанайдағы крем-кондитерлік цехтарында да жиі кездеседі. Мамандар қазірдің өзінде 7 кондитерлік цехта денсаулыққа зиян келтіретін өнімдердің барын анықтады.

«Әсіресе, торт және тәтті тоқашта ішек таяқшасы топтарының бактериялары болған. Кейбір тоқаш-нандардың көгергені, кондитерлік сұйық өнімдердің ашып кеткен жағдайлары тіркелді. Сонымен қатар, жыл ішінде, «Геворгян Г.В», «Сергийчук В.П», «Хекоян В.М», «Карагулина Л.А» сияқты өндірушілердің талапқа сай емес крем-кондитерлік бұйымдарын сатқаны туралы шағымдар келіп түсті. Тіпті, оларда тағамның өндірілген күні жапсырылмаған», - деді бөлім басшысы.

Санитарлық дәрігерлер тамақтану орындарында өндірілетін дайын астың және аспаздық өнімдердің сапасының нашарлағанын айтып дабыл қағады. Тамақтану орындарында қауіпсіз микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес емес өнімдердің үлес салмағы 12,4%-ға жеткен. Сапасыз өнімдердің дені Қостанай, Лисаков, Рудный қалаларындағы ірі дәмхана мен мейрамханаларында сатылған.

Былтыр тамақ сататын объектілерді тексеру нәтижесі бойынша кәсіпорын иелеріне 322 айыппұл салынды. Олар ел қазынасына 8,3 млн теңге қаражат аударады.