Қостанайда соғыс ардагеріне 73 жыл бұрынғы ордені қайтарылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, 92 жастағы Александр Ахрамеев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда соғыс ардагеріне 73 жыл бұрынғы ордені қайтарылды

Қостанайға Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің өкілі арнайы келді. Басты себеп - Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Александр Ахрамеевке «Қызыл жұлдыз» орденін тағу. Негізі, ардагер бұл марапатты 73 жыл бұрын алуы тиіс еді. Бірақ, марапатталушылардың тізімінде оның тегі «Охрамеев» деп көрсетіліпті.

«Бір әріптің дұрыс жазылмауы салдарынан ардагер өзіне тиесілі орденді уақытында таға алмады. Александр Николаевич 1945 жылы өзінің атқыштар бригадасымен бірге Берлинге баратын плацдармды ашып берді. Ардагердің бұл еңбегі өлшеусіз», - деді РФ елшілігінің өкілі Андрей Грищук ардагерге орденді тағып.

Ал марапат иесі Александр Ахрамеев 73 жыл бұрын болған оқиғаны еске алып, естелігімен бөлісті.

«1945 жылдың сәуір айында мен Кенигсберг операциясына қатыстым. Соңғы шайқас ауыр тиді. Шегінерге жол жоқ. Оқ-дәрінің аздығына қарамастан алға жүре бердік. Ақыры өз дегенімізге жеттік. Қала бағынды. Кенигсбергтен соң Балтийск қаласын басып алдық. Содан кейін Берлинге барар жол ашылды», - деді соғыс қатысушысы.

Александр Ахрамеев әскер қатарына Қостанай облысының Федоров ауданынан 17 жасында алынды. Соғыс кезінде пулеметші болған. Соғыс аяқталған соң 1959 жылға дейін Камчаткада әскери қызметтерді атқарды. Капитан шенін алды.

Айта кетейік, бүгінде Қостанай облысында 53 Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы тұрады. Ең жасы - 93-те.

null