Қостанайда сот бөгеттерді қалпына келтіруге бөлінген қаржыға қатысты істі қарап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласының № 2 сотында 2024 жылғы ірі су тасқынынан кейін гидротехникалық нысандарды қалпына келтіруге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Сот алдында бұрынғы екі шенеунік пен құрылыс компаниясының басшысы жауап беріп отыр.
Қостанай қаласының № 2 сотында Қарасу ауданындағы су тасқынынан кейін гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Айыпталушылар қатарында бұрынғы лауазымды қызметкерлер мен Алматыдағы «Союзтехстрой» ЖШС директоры Иван Сорокин бар.
Айыптау нұсқасы бойынша құрылыс жұмыстары сараптаманың оң қорытындысынсыз жүргізілген, келісімшарттар кейіннен рәсімделген, ал бюджеттен қаржы бөлуге арналған өтінімдер заң бұзушылықтармен берілген. Қаржыландыру мәселелерін шешуге көмектескені үшін шенеуніктер кәсіпкерден екі миллион теңгеден алуы керек болған деген болжам бар.
Бұрынғы лауазымды тұлғаларға ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі бойынша, яғни едәуір мөлшерде пара алу немесе заңсыз әрекеттер жасағаны (әрекетсіздігі) үшін айып тағылған. Ал «Союзтехстрой» ЖШС директоры Қылмыстық кодекстің 367-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша бірнеше рет пара берді деп айыпталып отыр.
Кезекті сот отырысында іске қатысты құжаттар мен дәлелдемелер зерттелді. Алдымен жазбаша материалдарға назар аударылды. Сотта қылмыстық істің құжаттары, жауап алу және тексеру хаттамалары, құжаттар мен тергеуге қатысы бар хат-хабарлар қаралды.
Жазбаша материалдарды зерттегеннен кейін сот аудиожазбаларды, хат алмасуларды және электрондық тасымалдағыштарды тексеру материалдарын қарауға кірісті.
Зерттелген әңгімелердің бірі құрылыс жұмыстарының ақысын төлеу және мердігердің жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен қарым-қатынасына қатысты болды. Жазбалардың бірін тыңдағаннан кейін Иван Сорокин ұзақ уақыт бойы атқарған жұмыстарының ақысын алуға тырысқанын айтты.
— Менің міндетім неде болғанын түсінесіз бе? Бір жыл бойы атқарған жұмысымның ақшасын алуға тырыстым, — деді айыпталушы.
Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда оған нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының ақысын төлейміз деп уәде берген. Алайда кейін жобалық құжаттарды рәсімдеу және сараптамадан өткізу кезінде қиындықтар туындаған.
Сорокиннің сөзінше, тапсырыс берушінің міндетіне кіретін бірқатар мәселені өзі шешуге мәжбүр болған. Айыпталушы келіспеушіліктер туындаған кезде құрылыс жұмыстарының 90 пайызы орындалып қойғанын атап өтті.
Материалдарды әрі қарай зерттеу барысында бюджет өтінімдерін дайындау, келісімшарттар жасасу және нысандарды пайдалануға беру құжаттарын рәсімдеуге қатысты әңгімелер тыңдалды. Жазбалардың бірінде тараптар бюджет өтінімін жолдау мен қажетті құжаттардың дайын болуын талқылаған.
Сорокиннің айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жобалардың жүзеге асу барысынан хабардар болған. Кәсіпкер құрылыс жұмыстарын жалғастырмас бұрын келісімшарттар мен орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюды талап еткенін түсіндірді. Оның айтуынша, осылайша төлемнің жасалуына кепілдік алғысы келген.
Ол сөзін растау үшін әңгімелердің біріндегі мынадай диалогты келтірді:
— Ол маған: «Сен жұмысты істей бер, ақшасын кейін төлейміз», — дейді. Мен: «Жоқ, алдымен барлық құжатқа қол қойып, бәрін рәсімдеңіздер. Содан кейін қалған жұмысты жалғастырып, аяқтаймын», дедім, — деп түсіндірді айыпталушы.
Оның сөзінше, сол кезде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, тек жекелеген жабдықтарды орнату қалған. Сорокиннің айтуынша, кейбір нысандарды пайдалануға беру мәселелері оның міндетіне кірмеген.
Аудио және бейнематериалдарды зерттеу кезінде қорғау тарапы мен мемлекеттік айыптаушы арасында сотта нақты қандай жазбаларды қарауға болатыны және олардың тағылған айыпқа қатысы жөнінде пікірталас туындады.
Адвокаттардың бірі көрсетіліп жатқан материалдардың бір бөлігі қорғау тарапының пікірінше, заттай дәлелдеме ретінде танылмағанын және сараптамадан өтпегенін айтты.
— Прокурор қазір айтып отырған жазбалар тек тексеру хаттамасының негізіне алынған материалдар. Бұл жазбалар іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде танылмаған, сондай-ақ тағылған айыптың ауқымына кірмейді, — деді қорғаушы.
Мемлекеттік айыптаушы Дәурен Дербесов бұл пікірмен келіспеді. Прокурор зерттеліп жатқан мәліметтер қылмыстық іс материалдарына енгізілген тексеру хаттамаларында бар екенін айтты. Сондай-ақ ол барлық жазба сараптамаға жіберілмегенін, алайда бұл олардың тергеу материалдарында жоқ екенін білдірмейтінін жеткізді.
Осыған байланысты зерттеліп жатқан файлдардың процестік мәртебесін қосымша нақтылап, оларды сараптама қорытындылары және айыптау актісімен салыстыру қажеттігі туындады. Сот процесі жалғасып жатыр.
Бұған дейін Қостанай облысында сот 2024 жылғы су тасқыны кезінде қырылған 10 бас ұсақ мал үшін өтемақы төлеуден бас тартуды заңсыз деп таныды.