20:00, 03 Қараша 2017 | GMT +5
Қостанайда сот-медицина сараптамасын жасайтын мамандар жетіспейді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында сот-медициналық сараптамасын жасайтын мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Бұл туралы облыстық прокуратураның 2-ші басқармасының басшысы Қайрат Жүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сот-медициналық сараптамасын жасайтын маман 10 ауданда жоқ. Соның әсерінен аталған өңірлерде тиісті қызметтер көрсетілмей отыр.
«Қазір осы аудандарда мамандардың тапшылығынан тұрғындар қалаларға барып, сараптама алуға мәжбүр. Ал кадр мәселесін шешу үшін 10 ауданға 3 млн теңге жұмсалады. Себебі, болашақ мамандар 4 айлық курстан өтеді. Ал біліктілік курсын тәмамдау үшін 292 мың теңге қажет», - деді Жүсіпов.
Прокуратура бұл мәселенің егжей-тегжейін анықтап, қаржы бөлу үшін облыс әкіміне жеткізеді.
«Сот-медициналық сараптамасын жасайтын маман мәселесін шешу арқылы құқық қорғау органдары уақыт пен бюджет үнемдеуге мүмкіндік алады. Сол себепті, көп кешіктірмей жергілікті әкімдіктер қаржы бөлсе, кадр дайындауға көшеміз», - деді басқарма басшысы.