Қостанайда су тасқыны болады деп күтілуде

ҚОСТАНАЙ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Қаратомар су қоймасынан судың көп шығарылуынан Тобыл өзенінің деңгейі көтерілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов мәлім етті.

Қостанайда су тасқыны болады деп күтілуде

Мамандардың берген бағасына қарағанда, шығарылған судың көлемі соңғы күндері сегіз есеге өскен - секундына 25-тен 200 текше метрге дейін. Топан су Қазақстанға РФ-ның бірнеше күннен бері көп мөлшерде жауын-шашын түскен Челябі облысынан келді.

Осыған дейін хабарлағандай, 10 тамыздан бері Қостанай облысына да су тасқыны жетті: Қарабалық, Таран және Федоров аудандарының елді мекендерін су басу қаупі төнді. Ресейлік әріптестерінің дер кезінде хабарлауына байланысты, қазақстандық құтқарушылар су тасқыны салдарының сәл де болса алдын алды. Дегенмен, құтқару жұмыстарының барысында 300-ден астам адам көшірілді деген хабар бар.

Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметінің берген ақпараты бойынша, су тасқынын жою үшін облыстың жақын маңынан ҚР ТЖМ құтқарушылары келді. Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетілуде. Дәл қазіргі уақытта Таран, Қарабалық және Федоров аудандарында су деңгейі төмендеді. Алайда Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов қауіп-қатер толықтай жойылғанша су басу қаупі бар зонаны бақылау жұмыстарын тоқтатпау жөнінде тапсырма берді.

Қостанайда кешеден бері тұрғындар мен саяжай иелеріне су басу қаупі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.