Қостанайда табылған адам қаңқалары: Полиция мән-жайды айтты

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайда құбырларды ауыстыру кезінде табылған қаңқалар сараптамаға жіберіліп, бір айда адамдардың қайтыс болу мерзімі анықталатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайда табылған адам қаңқалары: Полиция мән-жайды айтты
Фото: Қостанай облысының Полиция департаменті

«Кеше сағат 14:30-да Қостанай жылу электр компаниясы қызметкерлерінен хабарлама келіп түсті. Құбырларды ауыстыру кезінде екі адамның сүйегі табылған. Олардың жеке басын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Қостанай жылу электр компаниясы қызметкерлерінен хабарлама бүгін де түсті. Алдында табылған қаңқаларға жақын жерде тағы бір адамның сүйегі анықталды. Фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды, сараптамалар тағайындалды. Толық ақпаратты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде жариялай алмаймыз» - деді полицияның оңтүстік бөлімінің аға тергеушісі Жасын Сардаров.


Полиция майорының хабарлауынша, жиналған материалдарды сараптау орта есеппен бір жарым айға созылады.

Сардаровтың айтуынша, мәйіттер табылған жерде зират болмаған. Сондықтан бұл адамдар жерленгені туралы болжауға негіз жоқ. Адамдардың жеке басын анықтау сарапшылар үшін де қиынға соғып тұр. Бірақ киген киімдеріне қарағанда, олар ер адамдар болуы ықтимал.

«Олардың жеке басын анықтау облыс бойынша із-түзсіз жоғалғандардың тізімін тексеру арқылы анықталады. Бірақ барлық мәліметтер сараптамадан кейін ғана жарияланады.

Сараптама қорытындысы бойынша олардың қайтыс болу мерзімі де белгілі болады», - деп түйіндеді Ж.Сардаров.


Бұған дейін Қостанайдағы коммуналдық қызметтер құбырларды жөндеу кезінде адам сүйектерін тапқаны хабарланған болатын. Бүгін коммуналдық қызметкерлер тағы бір адамның мәйітін байқады.