Қостанайда теміржол станциясының бастығы қызметінен босатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында теміржолға жауапты бірнеше лауазымды тұлға жұмыстан шығарылды және жауапқа тартылды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

Қостанай вокзалы
Фото: yandex.ru

«Компания басшылығының өңірге жұмыс сапары кезінде Қостанай вокзалы мен оған іргелес аумақтың қанағаттанарлықсыз жай-күйіне байланысты Қостанай станциясының бастығы және Қостанай магистральдық желі бөлімшесі директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.

Одан бөлек, Қостанай жүк тасымалдау бөлімшесінің директоры, Қостанай магистральдық желі бөлімшесінің директоры шаруашылықты тиісті деңгейде ұстамағандары үшін тәртіптік жауапқа тартылды.

«Аталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою міндеті қойылды», - дейді ұлттық компаниядан.