Қостанайда тергеушінің қырағылығы арқасында қарақшы қолға түсті
Қылмыскерді Қостанай қалалық полиция басқармасының Оңтүстік полиция бөлімінің тергеушісі Мейрам Ажабаев ұстаған.
«8 қаңтар күні 14:30-да полиция аға лейтенанты Мейрам Ажабаев үйінде түскі асын ішіп, Қарбышев көшесіндегі автобус аялдамасына бара жатқанда, тұрғын үйлердің бірінің ауласынан жан ұшыра шыңғырған әйел даусын естіп, шұғыл сол жаққа бұрылады. Артынша, үйдің кіреберісінен қашып шыққан ер адамды көріп, артына түскен», - дейді полицейлер.
«Мен әйел адамның «Ең болмағанда суреттерді қалдыршы!» деп айғайлаған даусын естідім. Алғашында бұл отбасылық жанжал шығар деп ойладым. Бірақ менің келе жатқанымды көрген ер адам қаша жөнелді», - дейді тергеуші М. Ажабаев.
Тәртіп сақшысынан оңай қашып құтыла алмайтынын сезген сәтте қарақшы қолды қылған заттарын тастай зытқан. Бірақ, көп кешікпей, тәртіп сақшысы оны қуып жетті.
Қарақшы Қостанайдың бұрын бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін сотталған 33 жастағы тұрғыны болып шықты.
Авторы: Жанна Мұсабаева