Қостанайда траншеядағы жұмысшының өліміне кінәлі адам сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай қаласының №2 соты еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне себеп болған ер адамға үкім шығарды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қостанайда траншеядағы жұмысшының өліміне кінәлі адам сотталды
Фото: Kazinform

Сот анықтағандай, биылғы 6 жылғы тамызда сотталушы ер адамды тереңдігі шамамен үш метр болатын траншеядағы жұмысқа тартқан. Алайда еңбек шарты тиісті деңгейде рәсімделмеген әрі қажетті қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген.

Траншея қабырғаларын бекітетін тіреулер мен басқа да қорғаныс құралдары болмағандықтан, топырақ опырылып түскен. Соның салдарынан ішінде жұмыс істеп жатқан азамат ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны екі жыл алты айға бас бостандығын шектеуді сұрады. Ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді.

Жаза тағайындау кезінде сот оның кінәсін мойындағанын, өкінгенін, келтірілген залалды өтегенін және марқұмның туыстарының қатаң жаза қолданбау туралы өтінішін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот ер адамды екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сонымен қатар оған өндірістік жұмыстарды ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек пен техника қауіпсіздігіне жауап беретін басшылық лауазымдарды атқаруға бір жарым жылға тыйым салынды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысындағы шахтада жұмысшы қаза тапқанын жазған едік. 

Сондай-ақ Ақтөбеде күйік шалған теміржолшының бірі ауруханада көз жұмғаны хабарланды.