Қостанайда үш баласын тастап кеткен әйел жазадан құтылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қарабалық ауданында үш баласын тастап, ішімдікке салынып кеткен әйел жазадан босатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Бұл туралы әлеуметтік желілерде «Үміт пен мейірім ұшқыны» қоғамдық қорының жетекшісі Мария Сапарова жазды.

 Белгілі болғандай, Надежда Воржевая үстіміздегі жылдың қазан айында аудан орталығындағы үйінен шығып кеткен. Балалардың жылаған даусын естіген көршілері пәтерге кіреді. Үш баланың жалғыз отырғанын көрген олар бірден ювеналдық полицияға хабар берді. Қызуы көтеріліп, ауырып жатқан бес айлық нәрестесі аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Ал безбүйрек ана балаларын іздеп, ауруханаға бірнеше күннен соң бір-ақ келген. Қарабалық тұрғындарының айтуынша, үйдің отағасы бала-шағасын тастап, басқа облысқа көшіп кеткен. Әйелдің ішімдікке салынуына осы жағдай себеп болуы мүмкін.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия 24 жастағы Воржевая бұл қылығы арқылы өз балаларының денсаулығына қауіп төндірді деп шешті. Оған балғындарымен 6 ай бойы көрісуге тыйым салынды. Осы уақыт аралығында балалар Қостанайдағы «Дельфин» сәбилер үйінде болды.

Жақында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі қызметінің өтінішімен Надежда Воржевая балаларын көруге рұқсат алды. Аталған мекеменің өтініш жазуына Воржеваяның тұрақты жұмысқа тұрғаны себеп болыпты. Ал пәтердің коммуналдық берешектерін өтеуге «Үміт пен мейірім ұшқыны» қоғамдық қоры көмектескен. Ведомство маманы Қайрат Еділбаевтың айтуынша, бұл - Надежда Воржеваяға берілген соңғы мүмкіндік.

«Егер осыған ұқсас жағдай қайталанатын болса, іс сотқа жіберіледі. Ал әйел аналық құқығынан айырылуы мүмкін», - дейді маман.

Соңғы жаңалықтар