Қостанайда заңсыз қоқыс төккен жүргізушінің айыппұлы сот арқылы 34 есеге өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының прокуратурасы заңсыз қоқыс тастаған тұрғынның айыппұлын сот арқылы 34 есе ұлғайтты.

сот
Фото: freepik

2025 жылдан бастап «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында көлік құралдарын пайдаланып заңсыз қоқыс үйінділерін ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

Қостанай қаласының тұрғыны жүк көлігімен құрылыс қалдықтарын қала шетіндегі аумаққа апарып, рұқсат етілмеген жерге төккен.

— Алғашында Қостанай қаласы полиция басқармасы құқықбұзушыға ескерту жасаумен шектелген. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының наразылығынан кейін сот 2026 жылғы 28 мамырдағы заңсыз қаулының күшін жойды. Нәтижесінде құқық бұзушыға 865 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімі заңды күшіне енді, — делінген хабарламада.

Табиғат қорғау прокуратурасы осындай тағы он заңбұзушылық фактісін анықтады. Осыған байланысты заң нормаларын бірізді қолдануға арналған іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмысы оңтайландырылды.

Қостанай облысының прокуратурасы азаматтар мен заңды тұлғаларды қоқысты тек арнайы белгіленген орындарға шығаруға және экологиялық заңнама талаптарын сақтауға шақырды.

Бұдан бұрын ел бойынша жыл басынан бері полиция 177 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықты тіркеп, 248 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтағанын жазғанбыз.