02:05, 22 Наурыз 2019 | GMT +6
Қостанайда зейнеткерді өлтіріп кеткен күдіктілер ұсталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының полиция қызметкерлері Меңдіқара ауданында зейнеткерге қарақшылық шабуыл жасағандарды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Меңдіқара аудандық полиция бөліміне ер адамның зорлық-зомбылықпен өлтірілгені туралы хабарлама түскен.
«14 наурызда 72 жастағы зейнеткердің пәтеріне екі белгісіз азамат баса көктеп кіріп, жәбірленушіге дене жарақатын салған, азық-түлік, ұялы телефон және ақшасын ұрлап кеткен. Дене жарақаты салдарынан зейнеткер оқиға орнында көз жұмды», - делінген облыстық Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Тергеу іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері Қостанай ауданының аумағында жасырынған екі күдіктіні ұстады. Сот күдіктілерді күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.