Қостанайда жалған құжат жасаған ТЖ қызметкері сотталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыстық ТЖД-ға қарасты Қарабалық ауданы төтенше жағдайлар бойынша инженерлік бөлімінің экс-басшысы Марат Жакиевке қызметтік жалғандық жасағаны үшін үкім шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
М.Жәкиев Д.Нұрмағамбетовке сот шешімімен тәркілеуге алынған мүлікті жасыруға көмек көрсетіп, табиғи және техногендік апаттардың мемлекеттік есебін жүргізу ережелерінің нормаларын бұзған.
«Марат Жакиев қызметтік мүмкіндігін асыра пайдаланып, 2017 жылдың 30 шілдесінде 23.00-де болған өрт туралы жалған құжат жасаған. 2011 жылы шыққан «Volkswagen Polo» автокөлігінің мотор бөлігі өртенгендігі туралы ақпарат тарату үшін ол күйген машинаның жалған фотосуреттерін дайындаған. Интернеттен тауып алған суретке арнайы редакторлық бағдарламалардың көмегімен түзету жасап, мемлекеттік нөмірін қолдан жасап жапсырған», деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Ары қарай ол жалған құжатты Қарабалық аудандық ішкі істер бөліміне тапсырады.
Нәтижесінде Нұрмағамбетовке анықтама қағаз беріледі. Онда 2017 жылы 30 шілдеде сағат 23.00-де «Алматы-Екатеринбург» автожолының 409 шақырымында көліктің өртеніп кеткені туралы анықтама беріледі. Кейіннен сот орындаушысы М.Жәкиев жасаған жалған куәліктің негізінде Д.Нұрмағамбетовке қатысты мүлікті тәркілеу ісін тоқтатып, көлікті мемлекеттік тіркеуден шығарып тастаған.
Ал шындығында ол машина Нұрмағамбетовтің астында жүрген болатын, және ол көлікті 2,1 млн теңгеге сатып жіберген.
Істі қорытындылай келе жергілікті сот Жакиевті кінәлі деп тауып, 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайды ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасалған рақымшылыққа байланысты оның жылдары азайтылды.
Оның мүлкі тәркіленіп, қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде жазасын 3 жыл өтейтін болды.