Қостанайда жаңа инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай қаласындағы инфекциялық аурухана 10 қазанда жұмысын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Коронавирус жұқтырған науқастар жататын бұл аурухананың заманауи емдеу құрылғыларымен қамтылған зертханасы, диагностика орталығы, хирургия бөлімі бар. Инфекциялық орталықтың басты ерекшелігі – мұндағы науқастарға арнайы қондырылған планшеттер арқылы қашықтан бақылау жасалады.
«Бұл COVID-19-ға қарсы күрес шаралары аясында салынған көпсалалы инфекциялық аурухана. Мұндағы әрбір төсекте оттегіге қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ біз мұнда BMS жүйесін енгіздік. Дәрігерлер енді науқастың жай-күйін планшет арқылы қашықтан-ақ тексеріп, қорытынды шығара алады. Инфекциялық орталық 200 науқасқа шақталған. 20 орындық жан сақтау бөлімі, эндоскопиялық және ультрадыбыспен емдеу бөлімі тағы бар», – дейді жоба жетекшісі Айдан Нарымбаев.
Инфекциялық ауруханада бір орынды және екі, үш орынды палаталар бар. Облыстық аурухана дәрігерлер мен медбикелерді дайындап жатыр. Инженерлік құрам жасақталуда.
Жаңа аурухананы таза және лас аймаққа бөліп тұратын 8 модуль қарастырылған. Орталық ғимараттарының қос қапталында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі есік бар. Коронавирус жұқтырып, ауруханаға жеткізілген науқастар бірінші есіктен кіреді. Ал дертінен айыққан адамдар ғимараттың екінші жағындағы басқа есіктен шығады.
Бір қабатты аурухана ғимаратының жалпы ауданы 6800 шаршы метр болады. Айдан Нарымбаевтың айтуынша, мұнда ауаны тазартып отыратын кері желдеткіш орнатылған. Ауруханадағы барлық ауа арнайы зарарсыздандыру құрылғысы арқылы сүзгіден өтеді.
