Қостанайда жаяу жүргіншіні қаққан жүргізуші бағанға соғылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жол-көлік оқиғасы Қостанайдағы Дружба көшесінде болған, деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Қостанайда жаяу жүргіншіні қаққан жүргізуші бағанға соғылды

«9 қазан күні сағат 12.40 шамасында Дружба көшесіндегі реттелетін жүргіншілер жолағында 24-жастағы жүргізуші «ВАЗ-21099» автокөлігімен 68-жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетіп, бағанға соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші мен жүргізуші әр түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», - делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша әкімшілік өндіріс ісі қозғалды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабымен сараптама тағайындалды.