Қостанайда жазасын өтеп келгендер арнайы жатақханада тұратын болды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтік-құқықтық қолдау үшін арнайы жатақханалар салынуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың төрағалық етуімен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қостанай облысында 2018 жылғы қаңтар айынан бастап жазасын өтеп шыққан 264 азамат пробация қызметіне тіркелген. Басты мақсат - олардың қоғамнан шет қалмай, еркін тұрмысқа төселіп кетуіне қолайлы жағдай туғызу. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаевтың сөзінше, бұл мақсатқа мүдделі мемлекеттік мекемелермен қатар, қоғамдық негіздегі өзге де ұйымдар белсене атсалысуы тиіс.

«Бүгінде өңірлік пробация қызметі түзеу мекемелерінен босап шыққандарды оңалту жұмыстарына түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерді тартып отыр. Биыл бұл бағытта 54 меморандумға қол қойылған. Алайда өңірде түзеу мекемелерінен босап шығып, қиын жағдайға душар болған азаматтарға құқықтық-әлеуметтік көмек көрсетумен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру керек. Тіпті, жазасын өтеп келгендерге арнайы жатақханалар салынуы мүмкін», - дейді М.Жүндібаев.

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті өкілдерінің айтуынша, пробация қызметінде тіркелген азаматтарға тегін құқықтық-әлеуметтік көмек көрсету үшін үкіметтік емес ұйымдарға облыс бюджетінен қосымша қаржы бөлінуі тиіс.            

Жиында сотталғандарға бөлінетін квота мәселесі де сөз болды. Облыстық ҚАЖД басшысы Н. Мусиннің айтуынша, биыл облыс әкімдігі жазасын өтеп шыққан және пробация қызметіне тіркелген 193 азаматты жұмысқа орналастыру мақсатында квота бөлген. Алайда қазіргі таңда осы азаматтардың 83-і ғана еңбекпен қамтылған. Өйткені олардың көбінің мамандығы жоқ. Болғанның өзінде, ол мамандыққа еңбек нарығында сұраныс болмай отыр.

Марат Жүндібаев аталған мәселелерді әбден пысықтап, алдағы жылдың жұмыс жоспарына енгізу қажеттігін айтты. Сотталғандар мен пробация қызметінде есепте тұрғандарды мамандыққа оқыту, біліктілікке қайта даярлау курстарын ұйымдастыру шаралары жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тапсырылды. Мұның сыртында, аталған санаттағы азаматтарға арналған бос жұмыс орны жәрмеңкелері де тиісінше жиі ұйымдастырылуы тиіс. 

Жиын барысында түзеу мекемесінен босап шыққан азаматтардың еркін өмірге араласып, ел қатарлы түзу тұрмыс кешуіне көп болып ықпал етудің 2019 жылға арналған кешенді жоспары талқыланды. Алдағы жылы жазасын өтегендерді еркін өмірге бейімдеу, оңалту, еңбекпен қамту шараларына қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар көптеп тартылмақ.

Соңғы жаңалықтар