Қостанайда жыл басынан бері өндірісте 7 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда жыл басынан бері еңбек қызметіне байланысты 38 жазатайым оқиға тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39%-ға көп.

Өзбекстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан 250-ге жуық қызметші қаза тапты
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің мәліметінше, биыл өндірісте 38 жазатайым оқиға болған. 2025 жылдың осы кезеңінде мұндай 23 жағдай тіркелген.

Оқиғалардың жетеуі адам өлімімен аяқталған. Жазатайым оқиғалардың 8-і денсаулық сақтау саласында тіркелді. Мамандар өндірістегі жарақаттанудың негізгі себептері ретінде жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауын, зардап шеккендердің өрескел абайсыздығын, сондай-ақ еңбек және өндірістік тәртіптің бұзылуын атап отыр.

Қайғылы жағдайлардың бірі 2026 жылғы 19 наурызда «АТП» жеке кәсіпкерлігіне жалға берілген аумақта болған. Жүргізуші кабинасы көтерілген МАЗ жүк көлігін жөндеп жатқан. Қозғалтқышты іске қосқаннан кейін көлік қозғала бастаған. Жұмысшы қозғалтқышты өшіруге әрекет жасаған. Алайда көлік кедергіге соғылғаннан кейін кабинасы жабылып, жұмысшыны қысып қалған. Ер адам оқиға орнында қаза тапты.

Комиссия жұмыс берушінің кәсіби тәуекелдерді бағаламағанын және жұмысты қауіпсіз жүргізу технологиясын қамтамасыз етпегенін анықтады. Жұмыс берушінің кінәсі 100% деп белгіленді.

Тағы бір оқиға «РыбТорг» жеке кәсіпкерлігінің балық цехында болған. Қаптама қағазын жинау кезінде жұмысшының қолын жұмыс істеп тұрған желдеткіш тартып кеткен. Ер адам білегінен ауыр жарақат алған. Тексеру барысында жұмысшының жұмыс орнында тиісті нұсқамадан өтпей, жұмысқа жіберілгені анықталды. Бұл жағдайда да жұмыс берушінің кінәсі 100% деп белгіленді.

Ведомство өкілдері облыста қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарының жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Жоспар өндірістік жарақаттанудың алдын алуды, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруды және еңбек жағдайларына бақылауды күшейтуді көздейді.

Бұған дейін елімізде қанша жұмыскер міндетті сақтандырумен қамтылғаны туралы жазған болатынбыз.