Қостанайда «Жомарт жүрек» жеңімпаздары анықталды
«Жомарт жүрек» сыйлығы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып отырған бірегей жоба. Аталған сыйлық туған өлкенің дамуына елеулі үлес қосқан меценаттарға, белсенді тұлғаларға, бизнес-құрылым өкілдеріне, еріктілер мен түрлі ұйымдарға табысталады.
Сонымен, Қостанай қаласындағы ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны және қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясында Талғат Ещанов марапатталды. Ал белсенді азаматтық ұстанымы және қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясында Римма Бектұрғанова жеңімпаз атанды. «Үздік ұйым» номинациясына «ФортунаМед» ЖШС директоры Александр Мацкевич озық шықса, «Ерен еріктілік» аталымының жүлдесін Бауыржан Жүсіпов иеленді. Қазылар алқасы «Туған өлке» номинациясына Елена Андрееваны лайық деп таныды. Барлық марапат иелеріне алғыс хаттар және статуэткалар табыс етілді.
«Елбасымыз өзінің бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасында іскер азаматтарды туған өлкені түлетіп, ауыл тұрмысын жақсартуға атсалысуға шақырған болатын. Кез келген адамның туған жеріне деген патриоттық сезімін оятқан құнды жобаның нәтижесін бүгінде ел көріп отыр. Осы жоба аясында туып-өскен ауылында ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, көпбалалы отбасылар мен ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға көмек қолын созып, қайырымдылық жасап жүрген жандар аз емес. Бүгінгі марапат иелері де облысқа еңбегі сіңген тұлғалар», - деп атап өтті Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміндегілер.