Қостанайда жүк тиегіш техника қаққан жаяу жүргінші қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанайда арнайы техниканың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қостанайда жүк тиегіш жаяу жүргіншіні қағып, адам қаза тапты
Фото: Report

Полицияның мәліметінше, апат 27 сәуір күні Киевская көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, «XC-938KZ» маркалы жүк тиегіштің жүргізушісі жұмыс барысында кері қозғалып келе жатып, маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбей, жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Алған жарақаттарының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция жүргізушілерге, әсіресе көріну шектеулі жағдайда маневр жасау кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды еске салып, жолда барынша мұқият болуға шақырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан облысында жарысқа бара жатқан 3 жасөспірім жол апатынан қаза тапқанын жаздық.