Қостанайда жұмыртқа мен тауық еті бағасын негізсіз көтеру фактісі тергелуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Монополияға қарсы ден қою шаралары әлеуметтік маңызды тауарлар нарығында бағаның негізсіз өсу фактісінің жолын кесуге мүмкіндік береді.

Қостанайда жұмыртқа мен тауық еті бағасын негізсіз көтеру фактісі тергелуде

Бұл туралы Табиғи монополиялар және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Мәлік Мадияров айтты, деп хабарлады alau.kz.

 «Жұмыртқа мен тауық етіне бағаны негізсіз көтеріп, қолдағаны үшін 9 ірі супермаркет, осы өнімді көтерме жеткізушілер жауапкершілікке тартылды. Осы іс бойынша бүгінде өндіріліп алынған айыппұл сомасы 12 млн теңгеден асады. Жекелеген нарық субъектілері бойынша қазіргі уақытта сот талқылауы болып жатыр», - деп атап өтті Мәлік Мадияров.

Оның айтуынша, Қостанай облысында үстем немесе монополиялық жағдайға ие мемлекеттік тізілімге енгізілген нарық субъектілерінің саны елеулі азайған. Бұрын олар 77 болған, қазір 14. «Бұл Кәсіпкерлік кодекстің ережелеріне сәйкес Тізілімді қалыптастыру мен жүргізу реттелетін нарықтарда ғана жүзеге асырылатындығына байланысты (Кодекстің 173-бабы).

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Тізілім мүлдем алып тасталады деп жоспарлануда. Мұның орнына нарықтарда бағаны реттейтін, оны алмастыратын монополияға қарсы ден қою механизмі  келеді. Бұл барынша қатаң қаржылық салдары бар  жұмсақ тетік болмақ», - деді ол.