Қостанайда жыл аяғына дейін 15 инвестжоба іске қосылады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы әкімдігінде келесі айдағы маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларды өткізу жоспары талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жиында ҚР Тұңғыш Президенті күнін, ҚР Тәуелсіздігі күнін мерекелеу және астананы Ақмолаға көшіру туралы Жарлықтың 20 жылдығына ұштастырылған іс-шаралардың басталуы сөз болды. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев жыл аяғына дейін өңірде 47 нысан пайдалануға берілетінін айтты.

«Оның ішінде 15 инвестжоба іске қосылады. 10 тұрғын үй, 12 инфрақұрылымдық нысан және тағы 10 әлеуметтік нысан қолдануға беріледі. Бүгінде келесі айдағы маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларды өткізудің облыстық жоспары дайындалған. Барлығы 48 іс-шара өткіземіз», - деді Марат Жүндібаев өз баяндамасында.

ҚР Тұңғыш Президенті күніне байланысты облыста 2 халықаралық және 1 аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. Мұның сыртында 4 облыстық форум өткізілмек. 1 желтоқсан күні қалалар мен аудандарда экономика және әлеуметтік салада жетістіктерге жеткен қызметкерлер марапатталады.

«Ел жүрегі - Астана» концепциясына сәйкес, Астананың 20 жылдығы 3 кезең бойынша атап өтіледі. Мерекелеу осы жылдың 10 желтоқсанына дейін бастау алса, екінші кезең келесі жылдың шілде айына дейін аяқталады. Қорытынды кезең 2018 жылдың желтоқсанына көзделген. Астананың мерейтойына арналып, облыста 116 мәдени-бұқаралық шара өтеді.

«Әр қала мен ауданда жергілікті жоспар бекітілген. Олар ай сайын Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына есеп жіберіп отырады. «Астана - Тәуелсіздіктің жемісі» атты тақырыппен әр аймақта концерттік бағдарламалар ұсынылады», - деді Жүндібаев.

ҚР Тәуелсіздігі күнін мерекелеу қарсаңында 7 инвестжоба тұсауын кеседі. «Баян Сұлу» АҚ жаңа өндірістік бағытын таныстырса, «Милх» ЖШС сүт өңдеу зауытын іске қосады. Сондай-ақ, Жітіқара және Сарыкөл аудандарында сумен қамтамасыз ету нысандары пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар