Қостанайда жыл аяғына дейін 36 мың көлік шығарылады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында 47 мыңға жуық автомобиль құрастырылды. Мұндай ақпаратты бүгін кеңейтілген алқа мәжілісінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Қойшыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайда жыл аяғына дейін 36 мың көлік шығарылады

Облыста машина жасау көлемін арттыру жалғасуда. Бұған дейін мұнда мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы мен комбайн ғана шығарып келген. Ал 2010 жылдан бастап жаңа сала - автомобиль жасау цехы құрылды. Бүгінде қостанайлық «Сарыарқа АвтоПром» ЖШС 9 түрлі (Peugeot, Iveco, Hyundai, JAC, Chevrolet Niva, Ravon, MAN, Ankai) автокөліктің 50-ден астам моделін өндірген. Көліктер ұсақ және ірі тораптық құрастыру әдісімен шығарылып келеді.

«Бұл ретте машина құрастыруда жергілікті қамту үлесінің 38,2% - ға жеткені біз үшін жетістік. Қазіргі уақытта Қостанай алаңында 47 мыңға жуық автомобиль өндірілді. Оның ішінде 2018 жылы 12 мыңнан астам жеңіл көлік шықса, осы жылдың 4 айында 5,3 мың көлік сатылымға қойылды. Жоспар бойынша жыл соңына дейін шамамен 36 мың автомобиль шығару жоспарланған», - деді Ерлан Қойшыбаев өз баяндамасында.

Осы жылдың мамыр айында Қостанай әкімдігі қытайлық СМС және JAC компанияларымен келісімшарт жасасты. Нәтижесінде, таяу 10 жылда шетелдік әріптестермен бірігіп, машина құрастыру саласына 1,1 млрд АҚШ доллары сомасында инвестиция құйылады.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кәсіпорынға өндіріс көлемін арттыруды тапсырды. Оның айтуынша, кәсіпорын жылына 100 мың бірлікке дейін шығаруға қауқарлы. Сондай-ақ, автомобильдердің модельдік қатарын кеңейту де маңызды меже саналады.

Көлік логистикасының дамуы Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларуь сияқты елдерге өнім жеткізу үлесін арттырады. 2018 жылы экспортқа жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 291 автокөлік сатылған. Биылғы қаңтар-сәуір айларында кәсіпорын 287 көлікті шетел асырған. Нәтижесінде 1,1 млрд теңге пайда түсті.