Қостанайда жыл басынан бері 35 мың көлік құрастырылды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жыл басынан бері 7191 автомобиль экспортталды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өткен 11 айдың қорытындысын жариялады. Жалпы облыс бойынша әр салада өсім байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің өсімі 7%, өңдеу саласы 19,2%, ауыл шаруашылығы 20,3%, құрылыс жұмыстары 22,7%-ға ұлғайды.
«Жыл басынан бері облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,3 трлн теңгенің өнімін өндірді, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 782,9 млрд теңгеге қол жеткізді. Тек машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 1,5 есе артты. Автомобиль жасау өндірісін ұлғайту жалғасуда. «СарыарқаАвтоПром» компаниясы бүгінге дейін 35 мыңнан астам автокөлік құрастырды. Жыл соңына дейін тағы 5 мыңға жуық техника шығару жоспарланған. Шетелдерге 7191 автомобиль экспортталды. Автобус құрастыру да жақсы қарқын алды. 11 ай ішінде 1041 автобус нарыққа шықты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе артық», - деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 559 млрд теңгеден асты. Жекелей алғанда Қамысты, Науырзым, Әулиекөл, Қарасу, Жітіқара аудандары ең жоғары нәтижелер көрсеткен. Ұзынкөл және Қарабалық аудандарында ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің төмендеуі байқалды.
Жалпы облыс экономикасына 2020 жылы 287,1 млрд теңге инвестиция тартылған.