Қостанайда жыл басынан бері 6 бала қызылша ауруын жұқтырған
Бас дәрігердің айтуынша, бір жарым жасқа дейінгі ауырған балалардың барлығы қызылшаға қарсы екпе қабылдамаған. Мәселен, 1 жасқа дейінгі үш бала әлі вакцинация жасына жетпеген, ал 1 жастан 1,5 жасқа дейінгі үш бала әр түрлі себептермен егілмеген.
«Ауырған балалардың бәрі Астана қаласы мен Ақмола облысында болған кезде қызылша жұқтырғаны нақтыланды. Алты баланың біреуі үйіне шығарылды, ал қалғандары әлі ем қабылдап жатыр. Қостанайда балалар арасында жаппай жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ», - дейді Қарлығаш Әленова.
Қазіргі уақытта Астанада, Ақмола облысында және бірқатар өңірде қызылша аурушаңдығы деңгейінің артқаны байқалып отыр. Сондықтан, дәрігерлер ата-аналарға әзірге бұл өңірлерге бала ертіп барудың қажеті жоқ екенін ескертеді.
Қызылша - өте кең таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері - дене қызуының көтерілуі, мұрынның, көздің және тамақтың шырышты қабығы қабынып, теріде бөртпелердің пайда болуы. Аурудың инкубациялық кезеңі 7-ден 21 күнге дейін созылады. Асқынып кетсе, қайғылы жағдайға, не баланы мүгедектікке әкеп соқтыруы мүмкін. Әрі бұл дертпен балалар ғана емес, ересектер де сырқаттануы мүмкін дейді дәрігерлер. Елімізде өткен жылдың қараша айынан бастап 968 расталған қызылшаның жағдайы тіркелген, оның ішінде 80%-дан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Ал, сырқаттардың 67%-ы - қызылшаға қарсы екпе қабылдамағандар.