Қостанайдағы шағынаудандардың бірінде тандыр өнімдерін сататын орын жарылды

Алдын ала деректер бойынша, оқиғаға газ-ауа қоспасының жарылуы себеп болған. Өрт шамамен 20 шаршы метр аумақты шарпыды, зардап шеккендер бар, деп хабарлады Kazinform.

Тандыр
Фото: Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Құтқарушылар көлемі 50 литр болатын 6 газ баллонын эвакуациялады. 

«ТЖД бөлімшесі келгенге дейін сатушының 20 жастағы көмекшісі ауруханаға жатқызылды. Жас жігіт денесінің 70-75%-ін термиялық күйік шалған, жағдайы ауыр», - деді Қостанай облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта өрттің жай-жапсары мен себебі тексеріліп жатыр.

Өрт сөндірушілер алдын ала себеп ретінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауды алға тартты. Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қасым Қайраттың айтуынша, тандыр қызметкерлері тандыр пешін қыздырып, кейін газ баллондарын әкеліп, пешке тіреп қойған. Алдымен бірінші жарылыс болды, екіншісінен кейін жас жігіттің денесін күйік шалды.