Қостанайдағы кәсіпорында жұмысшы әйел қолынан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанайдағы балық өңдеу кәсіпорнында болған ауыр өндірістік жарақатқа қатысты тергеу жалғасып жатыр. Еңбек инспекциясы арнайы комиссияның қашан құрылғанын және тергеу қалай жүргізіліп жатқанын түсіндірді.
Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, балық өңдеу кәсіпорнының қызметкері өндірістік еттартқышпен жұмыс істеу кезінде ауыр жарақат алған. Салдарынан әйелдің оң қолы толықтай жұлынып кеткен.
Ведомство Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында жазатайым оқиға туралы хабарлама облыстық еңбек инспекциясы департаментіне 2026 жылғы 8 мамырда түскенін мәлімдеді.
Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкер ауыр жарақат алған немесе қаза тапқан еңбек қызметіне байланысты оқиғалар арнайы тергеуге жатады.
Алайда арнайы комиссия жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы ресми медициналық қорытынды алынғаннан кейін ғана құрылады. Мұндай қорытынды департаментке тек 28 мамырда түскен.
Осыдан кейін келесі күні, яғни 29 мамырда департамент басшысының бұйрығымен арнайы тергеу комиссиясы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік еңбек инспекторы, жұмыс берушінің өкілі және қызметкерлердің өкілі енгізілген.
Қазіргі уақытта комиссия оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтап жатыр. Тергеу аяқталған соң материалдар заңнама талаптарына сәйкес полиция органдарына жолданады.
Бұған дейін Павлодарда өндірістік жарақаттар тау-кен металлургия саласында жиі тіркелетіні хабарланған болатын.
Айта кетейік, өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталмауы жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай оқиғалар бойынша арнайы тергеу жүргізіліп, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.