Қостанайдағы көпқабатты тұрғын үйдің пәтерінде оқ атылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде қарудың абайсызда атылып кету фактісі бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша пәтерде жөндеу жұмыстары кезінде тегіс ұңғылы қарудан абайсызда оқ атылған. Соның салдарынан оқтың ізі анықталып, көрші пәтердің кіреберіс есігі зақымданған. Оқиға орнын тексеру кезінде пәтерден қару табылмады.
Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері келді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пәтердің есігі ашылып, оқиға орнына тексеру жүргізілді.
Қазір полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын, қару иесінің қайда екенін және оның қаруды заңды сақтаған-сақтамағанын анықтап жатыр. Зардап шеккендер жоқ.
Тексеру нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Бұған дейін Алматыда түнгі уақытта оқ атылғанға ұқсас дыбыстар естілген.