Қостанайдағы алапат өртпен күресте маман мен техника жеткілікті – министр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қостанай облысындағы дала өрті шамамен 42 мың гектарға жайылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өртпен күрес жағдайын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әзірге шамамен өрттің аумағы 42 мың гектар деп болжап отырмыз. Бірақ бұл жерде тек орман ғана емес, жайылым және басқа жерлер де бар. Орман бойынша бөлек шығын есебі жасалады. Өртпен күресте маман мен техника жеткілікті. Нақты айтқанда, 2 мыңнан астам адам және 250-ден астам техника жұмылдырылды. Сонымен қатар тілсіз жаумен күреске Қорғаныс министрлігінің арнайы техникасы тартылды», - деді Юрий Ильин тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.
Бұған дейін министр Қостанай облысындағы дала өртін бүгін-ертең толық сөндірілетінін мәлім еткен еді.
«Өрттің аумағы бірнеше ондаған гектарды құрайды. Қарқынды жұмыстың арқасында тілсіз жаудың бетін қайтарамыз деген ойдамын. Аманқарағай елдімекені ерекше назарда, өрттің қайта тұтанбауын арнайы қызмет қадағалап отыр. Себебі желдің беті қайтпай тұр. Бүгін, ертең өртті толық сөндіреміз деп отырмыз. Одан әрі орман шаруашылығы комитетінің қызметкерлері жағдайды бақылайды», - деген еді ведомство басшысы.
Еске салсақ, Қостанай облысында 2 қыркүйектен бастап өртпен күрес жүріп жатыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккендермен кездескен еді.