Қостанайдағы әуежайдың терминалдары көбейтіледі
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - 2019 жылы Қостанайдағы халықаралық әуежайдың терминалдары көбейеді. Бұл туралы Қостанай қаласын көркейтуге арналған кеңесте Архимед Мұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс басшысы айтқандай, келесі жылдың соңына дейін Қостанай әуежайындағы терминалдар саны көбейеді.
«Биыл әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеуді бастаймыз. Қайта жөндеуден өткен соң ұзындығы 2,8 шақырым жолаққа ие боламыз. Бұл кез келген рейстерді қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, қалаға келетін туристер мен инвесторлар көбейеді. Сондықтан да терминалдарды дұрыс қалыпқа келтіруді тапсырамын. Жаңа жоба қажет. Әуежай ішінен бірнеше VIP, СИП бөлмелер, фудзал мен тұрақжай ашыңыздар. Қысқасы, әуежай туристік нысанға айналуы тиіс. Келушілер қызығатын орын жасауымыз керек», - деді өңір басшысы.
Айта кетейік, аталған нысан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің иелігінде. Ол Қостанай қаласы төңірегінің оңтүстік-батыс жағынан 2 шақырым жерде және әкімшілік орталығынан 5,6 шақырым қашықтықта орналасқан. Әуежай халықаралық мәртебеге ие. Бір жылдағы рейс саны - 1 700. Жеткізілетін жүктердің, поштаның көлемі - 250 тоннадан асады.