Қостанайдағы банкротқа ұшыраған құс фабрикасы қайта жанданады
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы «Комсомол құс фабрикасы» кәсіпорнының жұмысы 2018 жылы қайта жанданады. Бұл туралы «Шаңырақ» компаниялар тобы» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі Хамит Ақмиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына 16 инвестициялық жоба енді. Инвестициялардың жалпы көлемі - 322 млрд теңге, осы жобаларды жүзеге асыру арқылы 3,2 мың жұмыс орны ашылады.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бес жылдығынан бірнеше проблемалы жобаға инвесторлар табылды. Соның бірі «Комсомол құс фабрикасы» АҚ болатын. Енді «Шаңырақ» компаниялар тобы» ЖШС қолдауымен фабриканы қайта жандандыру көзделіп отыр. Біз бұл туралы «Қазагрофинанс» АҚ-мен уағдаластыққа қол жеткіздік», - деді облыс әкімі.
«Комсомол құс фабрикасы» АҚ-ның жұмысы 2013 жылы тұралап қалған еді. Ал 2017 жылы ол банкротқа ұшырады. Құс фабрикасының Қарабалық ауданы әкімдігі мен «Қазагрофинанс» АҚ алдындағы қарызы 3 млрд теңгеге дейін жеткен.
«Қазагрофинанс» АҚ бұл жобаны іске асыруды 2009 жылы қолға алған. Расын айту керек, сол кезде инвестжоба ешқандай пайда әкелмеді. Бүгінде фабриканың барлық мәселелері шешілді. 2018 жылдың қараша айында жоба қайта жанданады», - дейді «Шаңырақ» компаниялар тобы» ЖШС бақылау кеңесінің мүшесі Хамит Ақмиев.