Қостанайдағы халықаралық жолдар ақылы болады
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Бауыржан Серікбаев айтқандай, Қостанай облысында 422 шақырымға созылған тасжол ақылы болады. Бұл аралыққа халықаралық «Алматы-Екатеринбург» жолы да кіреді. Ақылы бекеттер осы жылы қойылады.
«Тасжолға ақы алуды «Қайрақ» кеден бекеті бастайды. Әзірге жүк көліктерінің жүргізушілері ғана ақша төлейді. Ақша сомасы көліктің салмағына байланысты болады. Ресей шекарасынан өткен жүк көліктері «Қостанай-Әулиекөл» жолындағы бекетке тоқтайды», - дейді ол.
Қазіргі уақытта Астана қаласынан басталатын «Астана-Троицк» бағытын ақылы ету шаралары талқыланып жатыр. Мамандардың сөзінше, мұндай шара республикалық бюджетке түсетін ауыртпалықты азайту үшін енгізілді.
Жалпы, Қостанай облысындағы ақылы жол екі бөліктен тұрады. Біріншісі - «Алматы-Екатеринбург М-36» тасжолы. Ал екінші бағыт - «Қостанай-Әулиекөл-Қорған». Аталған жолдарда жол ақысын есептейтін бекеттерде автоматты таразылар орнатылады. Ақылы жолдан түскен пайда облыстағы жолдарды жөндеуге жұмсалады.