Қостанайдағы қоғамдық көліктерде жаңа төлем жүйесі енгізіледі

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында 260 автобус валидаторлармен жабдықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайдағы қоғамдық көліктерде жаңа төлем жүйесі енгізіледі

Қостанай қаласында 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізіледі. Ал жаңа жылға дейін қоғамдық көліктердегі жолақы төлеу тәртібі бұрынғыдай сақталады.

«2021 жылғы 1 қаңтардан бастап карта арқылы 80 теңге, қолма қол төлеу 150 теңге болады. Картаның үш түрі бар: балаларға, зейнеткерлерге және ересектерге арналған. Олар арнайы түстермен ерекшеленеді. Әр картада оның иесі туралы мәліметтер жинақталады. Егер карта жоғалып қалса, қайтадан қалпына келтіріледі. Көлік картасының құны – 370 теңге. Сондай-ақ жолақыны кез келген банк картасы, ұялы телефондағы қосымшалары, QR-код пен СМС-төлем арқылы да төлеуге болады», - дейді Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Наурызбай Мусин.

Жаңа жобаны «Алемпай» ЖШС жүзеге асырады. Қазіргі уақытта валидаторлар 260 автобусқа қойылған.