Қостанайдағы коммуналдық компания борышкерлермен әзіл видео арқылы күресіп жатыр
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс орталығы тұрғындарының 120 миллион теңге мөлшеріндегі қомақты қарызы осындай видео түсіруге себеп болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Видеода Қостанайдың қарапайым тұрғыны қарызынан құтылудың орнына тапқан ақшасын оңды-солды шаша береді. Аса қажет боп тұрғанда пәтердегі су өшеді.
Коммуналдық кәсіпорын осылайша борышкерлерге қарсы әзілмен күресуге бел буған.
«Қостанай Су» МКК абоненттер бөлімі басшысының орынбасары Надежда Ермашова МКК-ға жалпы 88 914 абонент тіркелгенін, соның бір бөлігі кәсіпорын қызметінің ақысын дер кезінде төлемейтінін айтты.
«Қазіргі кезде дебиторлық қарыздың жалпы сомасы 120,6 миллион теңгені құрайды. Соның 68,1 миллион теңгесі тұрғындардың борышы болса, 52,5 млн теңгесін заңды тұлғалар төлеуі тиіс», - дейді Н. Ермашова.
Қостанайда тіпті 10 жылдан бері судың қарызын төлемей отырған тұрғындар да бар екен. Рейд барысында компания және құқық қорғау органдары өкілдерімен әңгімеден соң әйел қарыздың бір бөлігін төлеп, қалғанынан да құтылуға уәде берді.