Қостанайдағы жаңа аттракционда 9 жасар қыз ауыр жарақаттанды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай Орталық саябағындағы жаңа аттракционда ойнаған 9 жастағы Виолетта Коржень ауыр жарақат алды. Қыздың әке-шешесі осы жайт бойынша соттаспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанайдағы жаңа аттракционда 9 жасар қыз ауыр жарақаттанды

Қыздың шешесі Е. Кадынцеваның айтуынша, олар 22 шілде күні балаларын ойнатуға барған. Жаңа аттракционда ойнап жүрген 8-10 жастағы балаларды көрген Виолетта мен немере ағасы да оларға қосылғысы келеді.

«Ол жерде кішкентай балалар да бар еді. Біз билет алып, балаларды кіргіздік. Артынша кірген ересек бозбалалар есіріп, құтыра бастады. Олардың бірі Виолеттаның үстіне құлап түсті. Сосын ол қолын көтеріп, аттракционды тоқтатуды сұрады. Виолетта шыққан соң, олар ойын-сауығын жалғастырды», - дейді Е. Кадынцева.

Қорқып қалған қыз жарақаттанғанын сезбеген, сондықтан олар үйге кете барған.

«Ертеңіне таңертең ауруханаға бардық. Өйткені қыз орнынан тұра алмай қалды, тіпті тамақ та жеген жоқ. Сөйтсек, бұғана сүйегі орнынан қозғалып, сынып кеткен екен. Енді бір ай гипсте жүруіне тура келеді. Дәрігерлер ота жасап, арнайы шабақ (спица) орнатты. Екі айдан кейін екінші рет ота жасап, шабақты алып тастайды. Аттракционда қауіпсіздік ережесі де, неше жасқа дейінгі балалардың ойнауы мүмкін екендігі - ештеңе жазылмағанына ызаланып отырмыз», - дейді әйел.

Айтуынша, бұл жағдай Виолеттаның сабақ үлгеріміне кері әсерін тигізеді.

«Ол биге қатысады, енді ол да қалды. Түркияға бармақшы едік, билетіміз қолымызда болды. Демалыстан бас тартуға тура келді», - дейді ол.

Елена Кадынцева осы іспен адвокат айналысып жатқанын жеткізді, саябақ әкімшілігіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Қылмыстық іс қозғалғаны туралы парк басшылығы БАҚ арқылы және жәбірленуші тараптың адвокатынан білген. Атқарушы директор Амангелді Досжанов мұнымен келіспей, соттасуға әзір екенін айтты.

«Бізге жәбірленуші тарапынан тікелей шағым да, құқық қорғау органдары тарапынан шақыру да келген жоқ. Олар мәселені сол жерде-ақ шешуіне болар еді. Полиция учаскесі сол маңда, жедел жәрдем шақыруы мүмкін еді. Ал олар үйіне кетіп қалған. Ауруханаға ертеңіне барып, қыздың жарақаты сол жерде белгілі болған», - дейді парк директоры.

Саябақ директоры егер іс сотқа дейін барса, парк басшылығы өз құқықтарын қорғауға әзір екенін жеткізді. «Біздің басқа амалымыз жоқ», - дейді А. Досжанов.